Екпеден қашпайық, ағайын!!!

0
267

Екпеден қашпайық, ағайын!!!

Елімізде ғана емес, біздің ауданда «ЕКПЕ ЖАСАТУ» өзекті проблемаға айналып, біреулер керек, енді біреулер керек емес деп жұрт пікірі қаққа жарыла бастағаны шың. Сол себепті осы өзекті мәселеге қатысты денсаулық саласына қатысы бар Аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ұжымының мамандарымен ақылдаса отырып осы мақаланы жазып отырмыз.
Екпенiң не екенiн қазiргi ата-аналардың бәрі дерлiк бiлсе де, дегенмен екпе жасатпас бұрын олардың көбiнде күмән туғызбайтыны да жасырын емес. Өйткенi, қазiргi таңда балаларымызды екпе арқылы қорғап жүрген инфекциялармен бетпе-бет келген адамдар кемде-кем. Осыдан 30-40 жыл бұрын ата-аналарға қызылшаның, полиомиелиттің (салдың), дифтерияның (құрөзектің) қаншалықты қауiптi екенiн түсiндiрiп жатпайтын – ол кезде бұл аурудан көз жұмған балалар туралы мысалдарды көптеп келтiруге болатын. Ал, туберкулезбен және көкжөтелмен ауыратын балалардың жөтелi кез-келген аулада естiлiп жататын. Ата-аналар баласының таңертең қозғала алмай, аяқ астынан сал болып қалуынан қорқатын. Қазiргi уақытта мүгедектер арбасында отырған ересек адамдар арасында кезiнде полиомиелитпен ауырған адамдарды кездестiруге болады.
Қазiргi кезде алдын ала егу нәтижесiнде көптеген жұқпалы аурулар (мысалы, қара шешек) жойылды.Сондықтан, түрлi жұқпалы ауруларға қарсы егудiң маңызы зор екенiне ешбiр күмән келтiрiлмейдi.
Вакцинациялау тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемiне (ТМККК) енгiзiлген. Қазақстанда халықты иммундауға байланысты барлық қаржы мәселесiн шешудi мемлекет 1995 жылдан бастап өзiне жүктеген. Жыл сайын вакциналар республикалық бюджет қаржысына сатып алынады. Бұл ретте кепiлдi сапасы бар, зертханалық тексеруден өткiзiлген және Қазақстан Республикасында тiркелген, ДДСҰ-ымен сертификатталған вакциналар сатып алынады.
Жыл сайын дүние жүзiнде жұқпалы аурулардан мыңдаған адам көз жұмады және көбiсi өмiр бойы мүгедек болып қалады. Сондықтан, халықты және балаларды вакцинациялауды тоқтатуға болмайтынын түсiнiп, ескерген жөн. Тек қана алдын алу екпелерiн жүргiзудiң нәтижесінде балаларымызды инфекциялардың қауiп-қатерiнен аман сақтауға қол жеткiзiп отырмыз.
Осы егу біздің ауданда да кедергісіз жүріп жатыр десек, артық айтқандық болады. Аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасында болғанымызда өңірімізде егуге діни және жеке бастық себептермен қарсылық білдіріп отырған 18 отбасының барлығы жайындағы мәліметке жолықтық.
Біз сөзге тартқан мекеме басшысы М.Байдрахманқызы:
Егу, вакцинация дегенiмiз – ол адам организмiне вакцина немесе арнайы тәсiлмен дайындалған антигендiк қасиетi бар заттарды енгiзу арқылы белгiлi бiр жұқпалы аурудан алдын ала сақтандыру үшiн қолданылатын әдiс.
Жұқпалы ауруларға қарсы егудiң бiрнеше түрi бар:
Мiндеттi егу – балаларға (туберкулезге, қызылшаға, күл (дифтерияға), сiреспеге, көкжөтелге, гепатитке және т.б. ауруларѕа қарсы), нәрестелi бола алатын әйелдер мен қыздарда қызамыққа қарсы;
Жоспарлы-кәсiби егу – мал шаруашылығымен айналысатын немесе олардың өнiмiн өңдейтiн адамдарда күйдiргiге қарсы;
Эпидемиялық көрсеткiш бойынша егу – нақты аймақтағы тұрғындар арасында iндет қауіпi төнген кезде жүргiзiледi. Егу көбiне инфекциялық тәсiлмен (терi астына, бұлшық етке) атқарылады,-деп көп нәрсенің қатпарын ақтарды.
Вакцинациялаудың негiзгi мақсаты – ол адам ағзасында иммунитет пайда болу арқылы жұқпалы ауруларды қабылдауға қарсы тұру болса және соның нәтижесінде ауруға шалдығу мен өлiм-жiтiм санын азайтуда өте маңызы зор.
Өз кезегінде,-дейді Маркисиян Байдрахманқызы,- елiмiзде екпе жасау 50 жыл бойы сәттi жүргiзiлiп келедi және ол аяғы ауыр түрде асқынулармен өтетiн немесе аяқталатын, ең алдымен балаларды ауыр зақымдайтын ауруларға қарсы бағытталған. Қазiргi уақытта вакцинациялау – егу арқылы балалар мен халықты салға (полиомиелитке), қызылшаға, қызамыққа, туа бiтті қызамыққа, құрөзекке, көкжөтелге, туберкулезге, эпидемиялық паротитке (шошқа мойынға), гемофильдi инфекцияға, «В» және «А» гепатитi мен тұмауға (гриппке) және тағы басқа жұқпалы аурулардан қорғанудың ең сенiмдi әдiсiн қолдану барысында вакцинация – екпелер жасалуда. Иммунопрофилактиканың мүмкiндiктерi әлi де таусылған жоқ. Жыл сайын әлемде барған сайын жаңарып, жаңадан пайда болған жұқпалы ауруларға қарсы жаңа және сапасы жақсартылған вакцина түрлерi ашылуда.
Екпе жасаудың маңыздылығын бағалауда әрбiр ата-ана мен жалпы қоғамда толық түсiнiк болуы өте қажет. Осы жұқпалы аурулардың арнайы алдын алу шараларының бiрi және бiрегейi – бұл иммундау жұмыстарының маңыздылығын әрбiр азаматтың бiлуi тиiстігі,-деп біраз нәрсенің бетін ашты.
Жұқпалы аурулардың белгілі бір түрлерінің алдын алу үшін профилактикалық екпе жасау тиімді әдіс болып табылады. 70-жылдардың соңында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) бастамасымен нағыз шешекке қарсы екпе жасау әлем бойынша шешектің толығымен жойылуына әкелгенін және қазіргі уақытта Европа аумағында, соның ішінде Қазақстанда полиомиелит сияқты ауыр жұқпалы ауру жойылғанын бәріміз де жақсы білеміз.
Одан ары Маркисиян Асавбаева: Республикамызда қызылша, қызамық және туа біткен қызамық синдромын жою бойынша бағдарламалар дайындалды.
1998 жылдан бастап вирусты гепатитке қарсы, 2005 жылдан бастап қызамыққа қарсы, 2008 жылдан бастап Хиб-инфекцияға қарсы вакцинация енгізілді. Дифтерия, көкжөтел, сіреспе ауруларын күрт азайту туралы мәселе тұр. Бұл ауруларды жою немесе ең төменгі көрсеткішке дейін жеткізу тек тиімділігі жоғары вакциналармен профилак-тикалық екпе жасау арқылы ғана мүмкін.
Ересектер мен балаларды дифтерия ауруына қарсы жаппай егу тұрғындар арасында жоғары деңгейде иммунитет қалыптастырды. Аталған аурушаңдықтың болмауы ата-аналарды алаң-датпағандықтан, кейбір жағдайларда ата-аналар екпе алудан бас тартады. Алайда полиомиелит вирустары әрдайым қоршаған ортада айналымда жүретіндіктен егілмеген адамдар кез-келген уақытта ауырып қалады Өткен жылы Ұлттық егу күнтізбесіне өзгерістер енгізіліп, әлсіздендірілген және реактогенділігі аз аралас (комбинирленген) вакциналар енгізілді. Оның артықшылығы инъекциялар саны, балалар травматизмі азаяды және пост-инъекциялық асқынулар даму қаупі төмендейді.
Қазақстан Республика-сының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне сәйкес жұқпалы ауруларға қарсы вакцинация алу міндетті болып табылад және ақысыз жүргізіледі. Қазақстанда вакцинация әрбір адамға қолжетімді, оның ішінде басқа елден келгендер үшін де. Аталған Кодекстің 156-бабында «Қазақстан Республикасы аумағында жүрген барлық жеке тұлғалар тегін медициналық көмектің кепілдік көлемі шегінде жұқпалы және паразитарлы ауруларға қарсы алдын ала екпелерді алуға міндетті» деп көрсетілген. Бір сөзбен айтқанда, ата-аналардың балалар иммунизациясынан бас тартуы баланың өмірге және денсаулыққа деген құқығын бұзушылық болып табылады,-деп өз ойын ортаға салды.
Қанша айтқанмен, осы мәселеге қатысты аудан тұрғындарына айтарымыз: біреудің сөзіне ергеніңізбен, барша екпелер дәрігер қарауынан кейін, медициналық қарсы көрсеткіштерді сақтай отырып жүргізіледі.
Құрметті ата-аналар, өз балаларыңызға уақытында екпе жасатудан бас тартпай, өздеріңіз де егіліңіздер. Сізді ақыры ауыр қайғыға соқтыратын жұқпалы аурулардан тек профилактикалық екпелер ғана қорғай алады,-деп сәті келген сұхбатты аяқтады Аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.
Көрінген адамнан «екпе зиян екен» деген сөзге сене бермей, әдебиеттерді оқып, интернетті қарап, БАҚ статистикаға назар аударып, ненің жақсы, ненің жаман екенін анықтағаннан кейін ғана сенімді қадам басу керек деп есептейміз. Екпеден, қашпайық, ағайын!!!

С. Бақанаси
Фото: АҚДСБ

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here