МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕ — МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛМЕН

0
267

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕ - МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛМЕН

Әр ұлттың болашағы оның ана тілінде. Тіл жоғалса ұлттың да болашағы бұлыңғыр тартып, түбегейлі жоғалып кетері сөзсіз. Ата-бабасының кім болғанын, оның қандай мекенде тіршілік еткенін, оның салты қандай, дәстүрі қандай екенін,атасынан қандай атамекен мұраға қалғанын келер ұрпаққа ана тілінде жеткізбесе ол өзінің кім екенін білу-білмеуі неғайбыл емес пе?
Бүгінгі күн өткен өмірден, өткен тарихымыздан бастау алатындығын ескерсек, өткенімізге үнемі көз жүгірте отырып, біз болашағымыздың іргетасын сенімнен, қабырғасын үміттен, босағасын өткен тарих тағылымдамаларынан қалауымыз керек. Қазақ халқы елінің азаттығы үшін, кең байтақ жерінің бостандығы үшін, ұлтының, ұрпағының бодандық шырмауынан шығуы үшін қанды қырғынды көріп,отаршылдық ойранын бастан кешірді. Еліміз де, халқымыз да, жеріміз де тәуелді болып, мәртебесі биік елдердің қас-қабағына қарап «Мен қазақпын» деп айтуға болмайтын заманды да біздің халық басынан кешірді. Сонда да мойыған жоқ. Халқының болашағынан, ұрпағының келешегінен үмітін үзген жоқ, келер ұрпағына қалдырар ең қадірлі де қастерлі мұрасы – қазақ тілінің қаймағын бұзбай өз қалпында жеткізу үшін тырысып бақты. Қаншама зобалаң күн халқының басына төніп тұрса да тілін, дінін, салтын өз қалпында сақтай білді. Ата-баба арманы орындалып, үміт ақталды, сенім жеңді. Қазақ халқы азат, мемлекеті тәуелсіз. Қазақ өз жеріне өзі ие, қазақ тілі биікке көтерілді, көк байрағы көк аспан астында, еркін желбіреуде. Бұл ата-бабамыз аңсаған азаттық, армандаған тәуелсіздік.
«Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болуы. Ұлттың тілі кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді» деп М.Жұмабаев айтқандай, мемлекеттік тілдің қызмет аясын кеңейтіп, мәртебесін биіктету – әрбір мекеме үшін басты мақсат.
Тәуелсіздігін алып, іргесі беки бастаған Қазақстан Республикасы өзінің ана тілін қорғауда үлкен жұмыстар атқаруда одан Бородулиха ауданының ұйымдары мен мекемелері де тысқары қалмауда. Өйткені, 1997 жылы 11 шілдеде жарық көрген «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңы Қазақстан Республикасындағы тілдердің қолданылуының құқықтық негізін, мемлекеттің олардың оқып-үйрену мен дамытуы үшін жағдай жасау жөніндегі міндеттерін белгілейді, республикада қолданылатын барлық тілге құрметпен қарауды қамтамасыз етеді.
Қазіргі таңда ауылдық округісіздегі мемлекеттік органдарда іс жүргізу мемлекеттік тілде қалыптасуына үлкен мән берілуде. Сол себепті де 2017 жылдың 28 тамызынан 4 қыркүйктегіне дейінгі аралықта «ШҚО Бородулиха ауданы Новодворовка ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінде «Қазақтың қазақтылығының басты белгісі — қазақша сөйлеуі» атты апталық өткізілді.
Апталық өткізудің негізгі мақсаты Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Әлі-ақ қазақ тілі тіршілігіміздің барлық саласында кеңінен қолданылатын болады, тек оны насихаттай білуіміз керек» — деген сөзін және мемлекеттік тілге байланысты берген тапсырмаларын іске асыруда неғұрлым тиімді әрі нақты мүмкіндіктерді пайдаланып, тіл меңгеру саласындағы мәселелерді шешу болды. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл саясатын іске асырудың басты шарттарының бірі — қызметкерлердің мемлекеттік тілді еркін меңгеруі үшін.
Сабақтардың барысы – тілге арналған жұмбақ, мақал-мәтел, шешендік сөздердің мәнін табу сонымен қатар кәсіби бағыттағы мәтіндерді аудармасыз түсінуге үйрету, мемлекеттік ұйымдарда қолданылатын іс қағаздарының үлгілерімен танысу болды. Сабақтарда түсіндіру, сұрақ-жауап, оқылым, жазылым және айтылым әдістері қолданылды. Сабаққа ауылдық округінің әкімшілігі қызметкерлері: Л.Н.Васильева, М.В.Масловская, С.Н.Шаклеин, С.Кырыкбаев, Е.Ахметовтер қатысты.
Күнделікті өмірде қызметкерлердің қазақ тілінде сөйлеу қабілетін жаттықтыру мақсатында олар бір-бірімен қызметтері, әріптестері, отбасы туралы әңгімелесіп, бойынша кейбір ақпараттарды қазақша айтып берді.
Қызметкерлердің танымдық қабілетін арттыру, мемлекеттік тілде еркін сөйлеуін дамыту, психологиялық микроклиматты қалыптастыру, сауатты сөйлеу мәдениетіне дағдыландыру мақсатында өткізілген сабақтар өте тартымды өтті.
«ШҚО Бородулиха ауданы Новодворовка ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіде мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және одан әрі дамыту үшін өз үлесін қосып жатыр. Барлық мекемелермен, ұйымдардан хат орыс тілінде келіп түскен болса, онда оған орыс тіліндегі жауабымен қоса мемлекеттік тілде де жауап берілуде.
Ел тәуелсіздігі – тіл тәуелсіздігі, тіл – ұлттың төлқұжаты, мемлекеттік тұғыры демекші, болашақтың берік іргетасын бүгін қалау қажет. Әсіресе өсіп келе жатқан жас ұрпақ буындарын мемлекеттік тілде жұмыс істеуіне оқу орындарында дайындаумен қатар, мемлекеттік тілдегі іс жүргізу тілін меңгеруін қалыптастыру керек. Сонда ғана ана тіліміздің өсіп-өркендеуі, келешекте тіліміз үлкен мәртебеге ие болып, қазіргі әлемде кең қолданыста жүрген тілдермен терезесі тең болады.
Аталардың асқаралы арманы – қазақ тілінің еркіндігі, қазақ тілінің шырқауы бүгінде біз қол жеткізген жетістік, біз көрген, біз қадірлейтін жеңіс, біз қастерлейтін ұлттық мақтаныш. Ұлттың тұтастығы тілінің болашағында, тілдің болашағы сол ұлт өкілдерінің үлесіндегі жұмыс. Қазақстан – тәуелсіз мемлекет. Қазақ халқын жоғалтпай қазақ қалпында бүгінге жеткізген ана тілі – қазақ тілі. Қазақ халқының мәңгілік мекені Қазақстан мемлекетін жасампаз мемлекетке айналдыру үшін ұлт тілі – қазақ тілін дәрежелеуіміз керек. Әр ұлттың ұрпағы мемлекетінің, ата-бабасының тарихын өз ана тілінде оқып білуі тиіс. Ендеше, ұлтымыздың болашағы үшін жұмыла жұмыс жасайық!

Новодворовка ауылдық округі әкімінің аппараты

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here